
«Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесінде агроөнеркәсіптің жаңа мүмкіндіктері таныстырылды
Ақмола облысында өткен «Jańa Dala / Green Day ‘2026» халықаралық аграрлық көрмесі ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологиялар, мемлекеттік қолдау тетіктері мен инновациялық шешімдерді ұсынатын маңызды алаңға айналды. Биылғы көрмеге әлемнің 20 елінен 250-ден астам компания қатысып, өсімдік және мал шаруашылығы бағытындағы жаңа әзірлемелерін көпшілік назарына ұсынды.
Көрменің ашылуы орталық күмбезде өткен пленарлық отырыстан басталды. Онда Ақмола облысының әкімі мен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі сөз сөйлеп, еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі бағыттарға тоқталды.
Ақмола облысында соңғы жылдары дәнді және майлы дақылдардың рекордтық өнімі жиналып келеді. Әсіресе, егістікті әртараптандыру аясында соңғы үш жылда жоғары табысты майлы дақылдардың егіс көлемі төрт есеге артса, мал азығы дақылдарының алқабы 370 мың гектарға жеткен.
Спикерлердің айтуынша, мұндай нәтижелерге мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қол жеткізіліп отыр. Тек биылдың өзінде Ақмола облысының агроөнеркәсіп кешеніне субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді қоса алғанда 300 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.
Пленарлық отырыстан кейін ауыл шаруашылығы саласының үздік еңбеккерлерін марапаттау рәсімі өтті. Ұйымдастырушылар соңғы жылдары басшылардан гөрі, мал шаруашылығында және егіншілікте ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп жүрген қарапайым мамандарды марапаттауға басымдық беріп отырғанын атап өтті.
Көрменің басты тақырыптарының бірі – ауыл шаруашылығында заманауи агротехнологияларды енгізу болды. Мамандардың пікірінше, соңғы екі жылдағы жоғары өнім тек қолайлы ауа райының емес, сапалы тұқым, тыңайтқыш, өсімдікті қорғау құралдары, жаңа техника және ғылыми негізделген технологияларды қолданудың нәтижесі. Мемлекеттік қолдау фермерлерге осы технологияларды енгізуге мүмкіндік беріп келеді.
Биылғы көрменің тағы бір ерекшелігі – оның халықаралық деңгейінің артуы. Іс-шараға бірқатар мемлекеттердің елшілері қатысып, Қазақстанның аграрлық секторындағы инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Сарапшылар еліміздің экологиялық таза әрі жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті барлық ресурстарға ие екенін атап өтті.
Көрме аясында Қазақстанда алғаш рет трактор биатлоны ұйымдастырылды. Сайысты «Торговый дом Беларусь» ұйымдастырып, техниканы «МТЗ Қазақстан» ұсынды. Қатысушылар трактормен арнайы трассадан өтіп, пейнтбол қаруымен нысаналарды көздеп атып, кейін техниканы кері бағытта дәл тұраққа қою бойынша бақ сынады. Ерекше формат келушілердің қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар келушілер арнайы алаңда тиегіш техниканы өздері басқарып көруге мүмкіндік алды. Бұл аймақты «Агротехменеджмент» компаниясы ұйымдастырған.
Көрменің этномәдени бөлігінде қазақстандық дәстүрлі тағам – құрт жасау бойынша шеберлік сабағы өтті. Қатысушылар құрт дайындау технологиясымен танысып қана қоймай, оны өз қолдарымен жасап көрді. Ұйымдастырушылар құрттың қазақ халқының мәдени мұрасындағы орны мен оның тарихи маңызы туралы да айтып берді.
Өндірістік экспозицияда «КазАгроМаш» зауыты өз өнімдерін таныстырды. Кәсіпорын бір мезетте бірнеше агротехникалық операцияны орындайтын жаңа құрама топырақ өңдеу агрегатын ұсынды. Компания бүгінде топырақ өңдеуге арналған 15-тен астам техника түрін және 160-тан астам модификация шығарады. Алдағы жылдары өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа бағыттарды игеру жоспарланып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесі фермерлер, инвесторлар, техника өндірушілері мен сала мамандарының тәжірибе алмасуына, жаңа технологияларды таныстыруға және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін маңызды халықаралық алаңға айналып келеді.

