ВСЕ О ЖИЗНИ СЕЛЬСКОГО
ХОЗЯЙСТВА В КАЗАХСТАНЕ

«Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесінде үздік асыл тұқымды бұқалар анықталып, аукционда рекордтық бағаға сатылды

«Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесінде үздік асыл тұқымды бұқалар анықталып, аукционда рекордтық бағаға сатылды

«Jańa Dala / Green Day ‘2026» халықаралық көрмесінің дәстүрлі шараларының бірі – асыл тұқымды бұқалар байқауы мен племалық мал аукционы биыл да көпшіліктің назарын аударды. Байқауда бірнеше тұқым бойынша үздік өндіруші бұқалар анықталса, аукционда жоғары генетикалық әлеуетке ие малдар миллиондаған теңгеге сатылды.

Бұқаларды бағалауға АҚШ-тың Монтана штатынан келген халықаралық сарапшы Уэстон Меррил қатысты. Ол бірнеше буыннан бері ірі қара мал өсірумен айналысқанымен, қазақтың Ақбас тұқымын алғаш рет бағалағанын айтты. Сарапшы бұл тұқымның өңірдің табиғи-климаттық жағдайына өте жақсы бейімделгенін атап өтті.

Жас санатындағы байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Абай облысындағы «Даурен» шаруа қожалығының Шынжар атты бұқасы иеленді. Ал чемпион атағы Жомарттұяқ лақап атты бұқаға бұйырды. Қазылар алқасы оның дене бітімінің үйлесімділігіне, қозғалысының еркіндігіне және жоғары селекциялық әлеуетіне ерекше баға берді.

Ересек бұқалар арасындағы бәсекеде жүлделі орындарды Тауыр, Вулкан және Бағровый атты бұқалар бөлісті. Финалда жас санаттың жеңімпазы Жомарттұяқ пен ересектер чемпионы Бағровый өзара салыстырылып, нәтижесінде Бағровый Ақбас тұқымы бойынша абсолютті чемпион атанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл нәтиже бұрынғы көшбасшылардың ұзақ жылғы үстемдігін тоқтатып, жаңа шаруашылықтардың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетті.

Көрме аясында қалмақ тұқымды бұқалар арасында да жеңімпаздар анықталды. Бірінші орын Гранит, екінші орын Алмаз, үшінші орын Грок атты бұқаларға берілді. Сарапшылардың пікірінше, биыл бұл тұқым бойынша қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан.

Байқаудан кейін өткен асыл тұқымды мал аукционы қызу саудамен жалғасты. Ең қымбат бұқалардың бірі 7,1 миллион теңгеге сатылды. Сатып алушылардың жоғары қызығушылығы асыл тұқымды малдың сапалы генетикасына деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетті.

Фермерлердің айтуынша, мұндай нәтижеге жүйелі селекциялық жұмыс пен қолдан ұрықтандыру технологияларын кеңінен енгізудің арқасында қол жеткізілген. Кейбір шаруашылықтарда туған төлдің шамамен 75–80 пайызы дәл осы әдіс арқылы алынған.

Байқау қорытындысын талқылаған мамандар халықаралық бағалау жүйесін жетілдіру қажеттігін де көтерді. Биыл Қазақстандағы ерекшелікке байланысты бұқалар рингке бір-бірден шығарылды. Сарапшылардың пікірінше, барлық қатысушыны бір мезгілде салыстыру мүмкіндігі болса, бағалау халықаралық стандарттарға барынша жақындай түсер еді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесіндегі байқаулар мен аукциондар фермерлерді генетиканы жақсартуға, асыл тұқымды мал өсіруге және селекциялық жұмысты дамытуға ынталандырады. Себебі жоғары генетикалық әлеуеті дәлелденген өндіруші бұқаларға нарықта сұраныс жоғары, ал мұндай инвестициялар ұзақ мерзімде өз тиімділігін толық ақтайды.